Оралдағы мектептердің алдында, насыбай мен темекі өнімдері емін-еркін сатылуда. Бұған тосқауыл болар полиция қызметкерлерінен қайран жоқ. Ата-аналар мен мұғалімдер қауымы құзырлы орган өкілдеріне деген өкпесін осылай білдірді. Білім ордасының тап іргесінде сауда көрігін қыздырғандардың әрекетіне аймақтағы әріптесім Еркін Карин де куә болып қайтты.
Мұндай көрініс қала мектептері үшін қалыпты жағдайға айналған. Жолдың арғы бетіне тауарын жайғандардың саудасы түске таман қызады. Ақшаға құныққандар сабақтан тараған оқушыларға темекі сатады.Тіпті, улы зат насыбайды да кез келген адамға қымсынбай ұсынатынын байқадық.
Бұған тосқауыл қоюға полиция да асығар емес. Көшедегі қозғалысты қалт жібермейтін мына бейнебақылау камерасы саудагерлердің дәл төбесінде орналасқан. Бірақ сауда көрігін қыздырған оларды тәртіпке салу үшін тек мектеп мұғалімдері мен ата-аналар ғана шырылдап жүр.
Марат Зайнуллиев, әлеуметтік педагог:
Темекі балаларға сататындары, үлкендерге. Сосын насыбай деген зат бар, соны сатады. Бірақ оны сумкаларына тығып отырады. Столдарына қоймайды. Өзім көрдім, талай көрдік, талай рет әңгімелестік, олар айтады, барыңдар, одан да өздеріңнің балаларыңды тәрбиелеңдер, темекі алмау үшін деп.
Тексеру жүргізген прокуратура өкілдерін көре сала, сатушылар жалма-жан заттарын жинастыруға кірісті. Дегенмен, сауда өздерінің жалғыз күнкөрісі екенін айтып, ашуға мінгендері де табылды.
Дина Жұмағалиева, сатушы:
Жұмыс жоқ, оқу жоқ. Енді қайда барамыз? Баламызды асырау керек, не сатамыз енді? Темекі емес, балаларға сатамыз уақ-түйек. Китайский болмайды дейді, неге онда таможнядан жібереді оларды? Насыбайды неге жібереді? Базарды болады, былай болмайды, иә.
Прокуратура өкілдері, кәмелет жасына толмағандарға темекі сатқаны үшін сатушыға 20 АЕК мөлшерінде айып салынатынын ескертті. "Ал дүкендер мен сауда орталықтарына салынар айып бұдан екі есеге көп", -дейді.
Алмагүл Исмағұлова, Орал қаласы прокурорының аға көмекшісі:
Өздеріне қарасты аумақта осындай заңсыздықтарға жол берген тәртіп сақшыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту ісін қарастырамыз. Осыдан кейін кінәлілерді анықтап, шара қолданамыз.
Есірткі секілді елітетін қасиеті бар насыбайды сатуға көптеген елдерде тыйым салынған. Осыны алға тартқан денсаулық сақтау министрлігі былтыр бастама көтергенімен, ол ұсыныс қолдау таппады. Заң тұрғысынан нақты шешім таппаған бұл дауға әзір нүкте қою мүмкін болмай тұр.
Еркін КАРИН