Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2015
  • 1138

Қазақстан экономикасында дағдарыс жоқ. Ел экономикасының тамыры - терең, iргесi - мығым, қоры - жеткiлiктi. Ақордада өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы, Қазақстан теңге курсының күрт өзгеруіне жол бермеуге тырысатынын мәлімдеді. Осы ретте - Ұлттық компаниялардың ұлттық валютаны «қолдауын» сұрады.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

«Самұрық - Қазына» ұлттық әл ауқат қоры мен ұлттық компания басшыларына айтарым: сіздердегі қаражатты айырбастау арқылы қазақстандық валютаны қолдау керек. Бұл-қажеттіліктен туындап отыр. Теңге үшін өте маңызды болмақ. Барлық ұлттық компанияларға айтып тұрмын. Қазақстан қолдан келгенше теңге курсының күрт төмендеуіне жол бермеуге тырысады. Сіздердің де талаптарыңызбен санасамыз. Бірақ, дәл қазір осы жұмысты бітіруіміз керек.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. «Бұл бағдарлама - дағдарысқа қарсы шара. Ол қиын жағдайда экономиканың өсіміне ықпал ететін және азаматтар үшін жұмыс орындарын құру тетігі болып табылады», - деді.

Ал, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев - жалға берілетін баспаналарды алу бойынша конкурс өткізіліп, жеңімпаздар анықталғанын айтты. «Наурызда Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Семей қалаларында кезекте тұрғандарға бастапқы 1357 пәтер беріледі»,-деді.

Айта кетейік, халықты қол жетімді баспанамен қамту – «Нұрлы жол» бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Елбасының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы туралы толығырақ кешкі жаңалықтарымызда айтылады.

Тоғжан АМАНАЛИЕВА