Русский Сайттың толық нұсқасы

Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасы келер айдан бастап жүзеге асуы тиіс

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2015
  • 1085

Батыс Қазақстан облысындағы екінші деңгейлі банктердің филиалдары ипотекалық несиелерін төлеуде қиналған борышкерлердің тізімін жасауға кірісті. Қазір олар осы бағдарлама шарттарына сай келетін клиенттерді іріктеуде. Ол үшін борышкерлердің өздері несие алған банкке келіп, өтініш қалдыруы қажет. Бұл өтінішті алдымен банк қарайды, осыдан кейін жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған арнайы комиссия тексереді. Комиссия мүшелері банктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен жасақталған.

Вадим Каблов, «Қазақстан халық банкі» АҚ БҚОФ директоры:

Қазір біз қайта қаржыландыру бағдарламасына лайық азаматтардың тізімін нақтылап жатырмыз. Осы тізім бойынша олар банкке шақырылып, бағдарламаның шарттары мен талаптары түсіндіріледі. Осылайша, тұтынушылар өз несиелерінің мерзімін арттырумен қатар, пайыздық мөлшерлемелерін де төмендете алады. Бұл - мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау.

Ал, Ақтөбедегі дәл осы банктің өкілдігі бағдарламаны жүзеге асыру жолдарынан бейхабар болып шықты. Сондықтан өтінімдер қабылдау нақты қай күннен басталатынын айта алмады.

Айнұр Таңсықбаева, «Қазақстан халық банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары:

Ұлттық банк әзірге құжаттарды бекіткен жоқ. Оның ішінде нақты шарттар мен талаптар көрсетілген техникалық карта болуы тиіс. Біз бұл құжаттар келесі аптада қолымызға тиеді деп күтудеміз. Яғни филиал қызметкерлеріне жеткізіледі. Нақты күні әзірге белгісіз.

Аталған мемлекеттік бағдарламаға, 2004-2009 жылдары ипотекалық қарыз алған азаматтар енеді. Олардың борышын жеңілдетіп, қайта қаржыландыру мақсатында Ұлттық қордан 130 млрд теңге бөлінгені мәлім.

Еркін КАРИН