Астанада көз жанарынан айрылған пианист Саида Калыкова концерт берді. Кешке жиылғандар ерекше өнерпаздың фортепианода орындаған шығармаларын ұйып тыңдады.
Бұл Саиданың алғашқы концерті емес. Өнерпаз бұған дейін Санкт- Петербургте, Флоренцияда және еліміздің сахналарында 4 жеке концертін берген. Бүгінгі классикалық музыка кешінде - Шуберт, Шопен, Гранадос және Жұбанов шығармалары орындалды. Әдеттегідей концерт нотасыз өтті. Музыкант барлық шығармаларды елітіп орындайды. Оған ноталарды жаттауға ұстаздары мен анасы көмектеседі. Бір шығарманы үйрену үшін 3 күннен 1 айға дейін уақыт кетеді екен.
Көзінің кемістігіне қарамастан, Саиданың Италияның Флоренция қаласында магистратура бітіріп келгенін айта кетейік. Өнерге құштар жан «өмірімді музыкасыз елестете алмаймын» дейді.
Саида Калыкова, пианист:
Қиын жағдайларда маған көмектеседі музыка. Әрине, Қазақстанның атағын шығару өте қажет. Ол үшін біздің әртісіміз шетелге бару керек. Солай біздің Қазақстанның атағы көтеріледі.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ