2016 жылы Қазақстан нарығы толықтай отандық жанармаймен қамтылады. Биыл мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталады. Бұл туралы Энергетика министрi Владимир Школьник мәлімдеді.
Айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай-химия және жанар-жағармай режимдерi бойынша жоғары октанды бензин шығармақ. Жобаның жалпы құны 1 млрд. доллардан асады. Кешен пайдалануға берiлгенде 357 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Ал, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнiмдiлiгi жаңғыртудан кейiн 6 млн. тоннаға жетедi. Мұнайды терең өңдеу үлесi 90 пайызға жуықтамақ. Павлодар мұнай өңдеу зауыты жаңа технологияларға ие болған соң мұнай өңдеу көлемi 7 млн. тоннаға жетедi деген жоспар бар.
Үш зауыт та келесі жылы толық қуатында жұмыс істейді. Өнім сапасын еуро-4, еуро-5 стандарттарына жеткiзу басты міндет.
Мөлдір ДЮСЕКИНА