Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин қарсылас шақ келтірер емес. Монте-Карло қаласында өткен бокс кешінде қазақстандық былғары қолғап шебері-Ұлыбритания спортшысы Мартин Мюррейді 11-ші раунда нокаутпен жеңді. 
 
Геннадий Головкин жанкүйерлер сенімін толығымен ақтады. Үш тұжырым бойынша чемпиондық белбеулердің иесі өз мықтылығын тағы бір дәлелдеп берді. Монако патшалығында өткен кәсіпқой бокс кешінде Қарағандылық саңлақ-Ұлыбритания спортшысы Мартин Мюрреймен қолғап түйістірді. 
 
Кездесу басынан қарсыласына ауыр соққыларын дарыта білген отандасымыз-Мюррейдің бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. Салдарынан ағылшын спортшысы төртінші раундта екі мәрте нокдаун алды. 
 
Бірақ, табандылығымен танылған Мюррей тез есін жиып кездесуді жалғастырды. Дегенмен, 10-шы раунда Головкиннің тағы бір жойқын соққысына тап болған ұлыбританиялық рингте сұлап түсті. 
 
Төреші сегізге дейін санағанша орнынан тұрған Мюррей шыдап бақты. Ал 11-ші раунд басындағы Головкиннің шабуылына қарсы тұра алмаған Мюррейдің дәрменсіз екенін көрген алаңдағы қазы кездесуді тоқтатты. 
 
Сонымен 32 жекпе-жекте ұтылып көрмеген Геннадий Головкин чемпиондық белбеулерін сақтап қалды. Қазақстандық спортшының ендігі мақсаты: Бүкіләлемдік бокс кеңесінің чемпиондық белбеуін иелену. Алтын белбеу әзірге Пуэрто-Рикалық Мигель Коттоның еншісінде. 
 
Самат ҚАНАҒАТОВ