Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте кәсіпкердің ұсталуына қатысты тың деректер пайда болды

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2016
  • 1741

Шымкентте дүйім жұрттың назарын аударған арнайы операцияға қатысты тың деректер пайда болды. Бүгін түс ауа Ішкі істер министрлігі таратқан ақпарға сүйенсек, танымал кәсіпкер Тоқтар Төлешовпен бірге іздеуде жүрген күдікті азамат та ұсталған.  

Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:

Тоқтар Төлешовтың тұрғылықты мекенжайынан бірнеше адамға қатысты жасаған алаяқтық қылмыстары үшін іздеуде жүрген Алматы қаласының тұрғыны 1988 жылы туылған Калтаков Сергей Викторовичті қолға түсірді. Тінту шараларын жүргізу кезінде Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері атыс қаруы мен есірткі заттарын тәркіледі. Төлешов және Калтаков ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128 бабы бойынша  уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Министрліктің ресми өкілінің мәліметінше, қамауға алынғандарға қатысты бірқатар сараптамалар тағайындалған. Айта кетейік, өткен сенбіде Шымкенттегі үш бірдей нысанды арнайы жасақ пен полицейлер қоршауға алды. Оның қатарында танымал кәсіпкер Төлешовтің иелігіндегі сыра зауыты мен шаһардағы ірі қонақ үй де бар. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында бірнеше полиэтилен қалтаға салынған қару-жарақ пен есірткіден бөлек, мағынасы күдік тудыратын әдеби кітаптар табылғанын айтқан. Қоршауға алынған нысандардың бірі - кәсіпкердің тұрғылықты мекенжайы. Көршілердің айтуынша, Тоқтар Төлешов мұнда төрт жылдан бері тұрып келеді. Сенбі күні бұл аумақ арнайы қоршауға алынып, адамдарға 3-4 сағат бойы өту мүмкін болмаған. Тұрғындардың айтуынша, қамауға алынғандардың арасында кәсіпкердің ұлы да бар.

- Бір баласы деді ғой, соны алып кеткенін көрдік қой. - Қалай алып кетті? - Баяғы спецназ, қолдарын майыстырып, алып кетті. - Тағы 2-3 адам болды дедіңіз, ия, алып кеткен? - Ия. - Осы үйден алып кетті ме? - Соның үйінен алып шығып бара жатқанын көрдік.

Қазір зауыт маңында тыныштық орнаған. Нысан арнайы жасақпен күзетілуде. Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдерінің көлігі ғана зауытқа кіріп-шығып жүр. Негізі бұл зауыт 1976 жылы салынған. Жұмысшылар сыра зауыты бұрынғысынша жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ