Еуразиялық даму банкі Қазақстандағы индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс, ірі жобаларды қаржылай қолдауды жалғастыра береді. Бұл туралы Алматыда Мәскеумен телекөпір арқылы өткен брифингте, банктің басқарма төрағасы айтты.
Әңгіме барысында Астанадағы электровоз зауытының құрылысы мен Қытай-Қазақстан-Ресей арасын жалғайтын энергетикалық көпір жайында сөз болды. Банк басшысы Дмитрий Панкин еліміздің шығысын басып өтетін, Қытай мен Еуропа арасындағы көлік дәлізінің құрылысына басымдылық беріліп отырғанын атап өтті.
Дмитрий Панкин, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы:
Қазақстанмен арадағы ең ірі жобалардың ішінде Қытай-Қазақстан-Ресей арасындағы көлік дәлізінің құрылысына аса мән беріп отырмыз. Бұл барлық тараптар үшін тиімді. Алайда энерго көздерді тасымалдау жобасына банктің қанша қаражат бөлетіндігі туралы мәселелер әлі пысықталу үстінде. Одан өзге де маңызды жобаларды биыл банк өзінің стратегиялық жоспарларына енгізіп отыр.
Дмитрий Панкин сонымен қатар, несиесін қайтара алмаған қазақстандық астық компанияларының мәселесі, әлі шешілмегенін мәлімдеді. Қазір банк несие берушілермен келіссөздер жүргізіп жатыр деп атап өтті.
Дегенмен, басқарма төрағасы Еуразиялық даму банкінің астық экспортын қаржыландыруға міндетті екендігіне күмәнын жасырмады. Осыған байланысты, банктің басқарма төрағасы «құрылтайшылармен несиелендіру ісінің түйткілді тұстарын пысықтайтынын» да жеткізді.
Сонымен қатар, банкир Қазақстанда қонақ үй салу ісінің қаншалықты тиімділігіне де тоқталды. Айта кетелік, осыған дейін аталған банк Астана қаласындағы «Мэрриот» отелінің құрылысын қаржыландырған еді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ