Төртінші мұнай өңдеу зауытының қай облыстың аумағында салынатыны әзірге нақтыланған жоқ. Бүгінде Энергетика министрлігінің жұмыс тобы аталған мәселе бойынша 6-7 ұсынысты қарастырып жатыр.
Ведомство басшысының бірінші орынбасары «Астана» телеарнасы тілшісінің сұрағына осылай деп жауап берді. Вице-министрдің айтуынша, келіп түскен ұсыныстардың тиімді-тиімсіз тұстары талданады. Ұсыныстар бірнеше талап бойынша бағаланады.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:
Біріншіден мұнай өңдеу зауыты неғұрлым тұтынушылардың көп жеріне жақын болғаны дұрыс. Себебі мұнай болсын бензин болсын басқа жанармай болсын, жеткізуінің өзі транспорттық көлемі ертең көтеріліп кетеді. Екіншіден мұнай құбырларының болғаны дұрыс. Себебі құбырмен әкелмесе, темір жолмен тасымалдау қымбаттап кетеді. Мұнай зауытынан шығатын өнім біздің мұқтажымыздан артық болады. Оны экспортқа шығарғанда қай жерден шығарған дұрыс болады.
Сонымен қатар, энергия және су ресурстарының көрсеткіші де ескеріледі. Барлық тетіктер есептелген күнде ғана ұсыныс Үкіметтің қарауына шығарылады. Зауыттың нақты орны туралы сол кезде ғана айтуға болады.
Ұзақбай Қарабалин, сонымен қатар, Астана телеарнасы тілшісінің елдегі жанармай бағасына қатысты қойған сұрағына да жауап берді. «Әлемде мұнай бағасы көтерілетін болса, елімізде бензин қымбаттайды. Керісінше қара алтын құны жаһандық деңгейде төмендесе, біздегі бензин тағы да арзандауы мүмкін»,-деді вице министр.
Ал Қашағанда құбыр тарту ісі биыл басталады деп жоспарлануда. Қажетті құбырлар сатып алынған. Вице-министр 2015 жылы өндірілетін мұнай көлемі 80,5 млн тонна деңгейінде күтіліп отырғанын айтты.
Айгүл ӘДЕПБАЙ