Әуе апатынан аман қалған Әсем Шаяхметованың жағдайы жақсарып келеді. Ол келесі аптада ауруханадан шығарылады.
Еске салайық, осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Жамбыл облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесінде болған 7 адамның ішінде 1986 жылы туылған Әсем Шаяхметова тірі қалған еді. Алдымен Шу қалалық ауруханасына, соңынан Астанаға жеткізілген Әсемге 9 ота жасалды. Барлығы сәтті аяқталған. Қазір ол балдақтың көмегімен жүріп жүр.
Апа сіздің батаңызды алып, мен жүре бастадым. Жақында үйге қайтам.
Нұржан Естемесов, Астанадағы №1 қалалық аурухананың травматологиялық пункт меңгерушісі:
Операцияларының бәрі жасалып болды. Қазір 3 жұмадай болды, науқас өздігінен тұрып жүр. Реабилитациялық ем біткеннен кейін 4-5 айдан кейін жұмысқа шығуына болады.
Ауруханадан шыққан соң Әсем сынған сүйектері толық жазылғанша, 1 жыл бойы дәрігерлер бақылауында болуы тиіс. Ал үйінде емдік гимнастика мен жаттығулар жасайды. Қазір науқастың көңіл-күйі де өте жақсы. Толық жазылғанша, ол Астанада боламын деп отыр.
Әсем Шаяхметова:
Дәл қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлердің арқасында тез жазылып келе жатырмын. Өз еркіммен жүруге тырысып жүрмін. Бар арманым - тезірек өз аяғыммен жүріп кету. Толық жазылған соң, бұрынғы жұмысымды жалғастыратын боламын.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ