«Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезіне қатысушы делегаттар 9 наурыздан бері Астанаға ағылып келуде. Бүгін бас қалаға бірнеше аймақтың делегаттары жиналды. Биылғы съезге қатысушылардың 20 пайыздан астамы - бастауыш партия ұйымдарының өкілдері болмақ.  
 
Кешелі бері съезге келушілердің көшін жалғаған аймақтың бірі - Шығыс Қазақстан облысы. Өңірден Астанаға 70-тен аса делегат келді. Арасында дәрігерлер, мектеп және жоғары оқу орнының оқытушылары бар. Делегаттардың бұл съезден күтері көп. 
 
Ержан Құттыбаев, «Нұр Отан» партиясы XVI съезд делегаты:  
 
Съезде бүгінгі күннің өзекті мәселелері талқыланады деп ойлаймын. Мына әлемдік экономикалық кризис. Содан кейін президент сайлауына байланысты маңызды шешімдер қабылданады деп ойлаймын. 
 
Ең көп делегат Қарағанды облысынан келді. 130-ға жуық адам. Олардың дені - кеншілер, металлургтер, энергетик және механик мамандар. Делегаттар, бұл съездің ел өміріне оң әсер етеріне, сенімді. 
 
Яқия Асатов, «Нұр Отан» партиясы XVI съезд делегаты:  
 
Бізде тек қана Президентті қолдау - біздің келген мақсатымыз. 
 
Ертең Астанада өтетін «Нұр Отан» партиясының XVI съезіне еліміздің барлық аймағынан 1200-ден аса делегат қатысады деп күтілуде. Айта кетейік, биылғы съезд - партияның бастауыш  ұйымдарының төрағалығымен өтпек. Бүгінде 850 мыңға тарта партия мүшелері 6000-ға жуық бастауыш партия ұйымдарына бірігіп отыр. Бұл елдегі әрбір тоғызыншы сайлаушы деген сөз. 
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ