«Ардагер - аталар, іздеуші - немерелер». Павлодарда осындай атаумен бірегей мұражайдың жұмысы қайта жанданды. Михаил Катаев атындағы оқушылар сарайында ашылған мұражайға Отан соғысы жайлы сыр шертетін 400-ге жуық іздестіру-дерегі мен 1000-нан астам жәдігер қойылған.
Келушілер ардагер аталарының жеке заттарын тамашалады. Әсіресе, ескі фотосуреттерге қызығушылық танытқандар көп. Оқ-дәрілер, темір каска мен қойын дәптерлер де көпшілікті бей-жай қалдырмады.
Мұражай алғаш рет 1985 жылы 9- мамырда ашылған. Өткен жылы күрделі жөндеуге жабылған еді. Мұражай өзінің 30 жылдық тарихында түрлі іздестіру жұмыстарын жүргізді. Хабар-ошарсыз кеткен талай майдангер жайлы құнды ақпарат табылды.
Людмила Асеева, Мұражай қызметкері:
Соғыста із-түссіз кеткен азаматтардың тағдырын анықтау мақсатында іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатыр. Қазір қолымызда тағы 12 іздестіру-дерегі тұр. Көрменің басты мақсаты да осыған саяды: қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендер жайлы ақпарат жинау, тарихи шындықты ашу.
Әсем МҰХИТОВА