Атырау мұнай өңдеу зауыты қалай жекешелендірілетініне қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Ал жекешелендірген жағдайда әлеуетті инвестор кәсіпорынның 3 млрд АҚШ ақшасын құрайтын қарызын өтеуі тиіс. Бұл туралы бүгін «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев Атыраудағы қызметтік сапары барысында мәлімдеді. 
 
Сауат Мыңбаев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы: 
 
Жекешелендіру бойынша  қалай өтетіндігі туралы нақты шешім жоқ. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту үшін, қомақты қаржы - 3 млрд АҚШ доллары шамасында - қаражат бөлінді. Егер жекешелендіру болған жағдайда, әлеуетті инвестор зауытпен бірге 3 млрд доллар қарызды өтеуді өз мойнына алады. 
 
Төрағаның айтуынша, зауыттың 49 пайыз үлесі «ҚазМұнайГазда» қалуы тиіс. Айта кетейік, жекешелендірудің жаңа бағдарламасына үш зауыт та - Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары - түгелдей енгізілген болатын. 
  
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ