Йеменнен Қазақстанның бес азаматы шығарылды. Арасында екі бүлдіршін бар. Бұл жөнінде СІМ баспасөз қызметі хабарлама таратты. «4 сәуірде Қазақстанның Омандағы елшілігінің қолдауымен Ресей ТЖМ ұшағы Қазақстанның бес азаматын эвакуациялады.
«Олар: Оспанов Дастан, оның зайыбы мен баласы, Ақжанова Ильмира және оның баласы» делінген хабарламада. Сонымен қатар, Маскаттағы елшіліктің хабарлауынша, қазір Санада Гүлмира Саханова есімді жерлесіміз қалып қойған.
Дипломатиялық ведомство Сахановамен хабарласты. Оны дүйсенбі күні эвакуациялау жоспарланған. Айта кетейік, соңғы апталарда Йеменде қақтығыстар өршіп кетті.
Рейтерстің хабарлауынша, «наразы топтар ел астанасы Сана және Аден қалаларын басып алған соң, үкімет те қарап қалмаған». Бас көтерген хоуситтер президент резиденциясын тонап, мемлекет басшысы Мансур Хадидің басы үшін 100 мың доллар сыйақы тағайындаған.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА