Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде газет-журналдарға сұраныс күн санап азаюда

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2015
  • 3063

Интернеттің тереңдеуін өңірлердегі мерзімді баспасөз саудасы сезіне бастады. Ақтөбе облысында соңғы 1 жыл көлемінде газет-журналдар саудасы 15 пайызға төмендеген. Бұл туралы біздің арнамызға газет-журнал саудасын ұйымдастырушы, жергілікті кәсіпкер айтты.

Бүгінде дәстүрлі баспа өнімдеріне деген сұраныс азайып барады. Газет саудагерлері амал таппай әлек. Жергілікті кәсіпкер қандай жол таппақ? Тілшіміз Мансұр Есқожин  ақпараттық теке-тіресте дәстүрлі басылымдардың мүмкіндігін зерделеді.

Бүгінде газет-журналды тек шағын дүңгіршіктерден ғана таба аласыз. Әдетте апталық газеттер мен айына немесе тоқсанына бір шығатын журналдарды зейнеткерлер саудалайды. Солардың бірі Сәлима әже - күн көріс үшін кеңсеге қажетті ұсақ-түйек тауар сатуға мәжбүрміз дейді. Бұл бұйымдарсыз, дүңгіршіктер баяғыда-ақ жабылып қалар ма еді...

Сәлима Біліманова, газет сатушысы:

Газеттерді негізінен сатып алатындар зейнеткерлер. Жастар болса жарнамалық газеттерді алады, олар жұмыс немесе пәтер іздейтіндер.

Сауданың күн санап құлдырап бара жатқанын, дүңгіршектер желісінің иесі де растады. Зерттеулерге сай, негізгі табыс темір жол вокзалы маңындағы сауда орындарынан түсуде.  Алыс жолда ермек іздегендер дүңгіршектерге бас сұғатыны бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері осы салада жұмыс істейтін Алексей Кущ басылымдарға деген сұраныс 2004 жылға дейін жоғары болған,-дейді.

Алексей Кущ, кәсіпкер:

Біз қазір шығынға батудың сәл алдында жүрміз. Биыл бақылап көреміз. Егер саудамыз жүрмесе, басқа салаға көшуге тура келеді.

Кәсіпкердің айтуынша, жергілікті басылымдарға аз-кем болса да сұраныс бар. Облыстық «Ақтөбе» газеті 25 мың тиражбен шығады. Басылым басшылары да, бірінші кезекте оқырман талғамына жауап беру қажет екендігін жақсы біледі. Олар сапалы ақпаратпен ғана тұтынушыларды ұстап тұруға болады деген ойда. 


Ертай Ашықбаев, «Ақтөбе» облыстық газеті бас редакторының орынбасары:

Әрине, жақсы газеттердің өзінің алып жүретін тақырыптары болады. Өзінің оқырмандары болады. Еш уақытта да оны ғаламтор алмастыра алмайды.

Мерзімді басылымдардың бүгінгі оқырмандары негізінен елуді еңсергендер болып отыр. Ал, жастар жағы жаңа заман технологияларын қолдайды.

Ғаламтор ыңғайлы. Кіресің де, алып, керек затыңды оқи қоясың. Газетке қараған. Енді қазір жастар көбіне ғаламторда отырады ғой. Үйде үлкен кісілер бар, бәрі газет оқиды.

Бұрын интернет болмағасын, ол газет қолданған сияқты жұрттар.


Яғни ол тек хабар тек газет арқылы жүрді. Информация бір айлап келетін болды. Мысалы, бір кітаптар шығатын болса, ұзақ уақыт. Қазір интернет 1 секундта басқа жерде болып жатқанын білесің.

Басылымдардың ертеңіне болжам жасау қиын. Дегенмен күн санап ғаламторды пайдаланушылар саны артып келе жатқаны да жасырын емес.

Мансұр ЕСХОЖИН