Әкімдік ғимаратына бекініп, көпшілікті дүрліктірген алматылыққа қатысты, Бостандық аудандық соты үкім шығарды. Евгений Рычковқа терроризм туралы жалған ақпаратты әдейі тарату бабы бойынша айып тағылған болатын.
Үкім туралы мәліметті Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі біздің тілшілерімізге телефон арқылы растады. Бостандық аудандық № 2 соты үкімімен, Евгений Рычков 5 жылға бас бостандығынан айрылды.
Ол енді жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтемек. Еске салайық, 13-қаңтарда бұл азамат Алматы әкімдігінің ғимаратына қол сөмкемен кіріп, келушілерге арналған бөлмеге бекініп алған.
Сосын,қолындағы сөмкеде жарылғыш зат бар деп, күзет қызметшісіне адамдарды сыртқа шығаруды талап еткен. Әкімдік қызметкерлері шығарылып, ғимаратты полицейлер қоршауға алды. Екі сағатқа созылған келіссөзден кейін ер кісі өз еркімен полицияға берілді.
Ал оның«әкімдікті жарып жібермек болғаны» жайлы ақпарат расталмады. Сөмкеде ешқандай жарылғыш зат болмаған.
Берік ХАСЕНОВ