Ресей Грекияға экспортталатын газға қосымша несие беру мәселесін талқылауға әзір. Бұл туралы Коммерсант басылымы жазады. Көгілдір отынның бағасы соңғы бірнеше айда қатты құлдыраған мұнай бағасына тәуелді.
Осы ретте Мәскеу Грекияға несие беруге де қарсы емес. Алайда Кремльдің Афинаға қояр талаптары бар. Бұл мәселе Грекия премьер-министрі Алексис Ципрастың 8 сәуірге Ресейге жоспарлаған іссапары кезінде сөз болуы тиіс.
Іссапар бағдарламасында Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесу жоспарланған. Грекия Қорғаныс министрінің орынбасары Костас Исихостың айтуынша, Ресей мен Еуропалық одақ арасындағы Украина дағдарысы бойынша туындаған түсініспеушілік жағдайында, Алексис Ципрастың Мәскеуге сапары тарихи маңызға ие.
Грекия тарабы кездесу Ресей мен Еуропалық одақ қарым-қатынасын қайта жандандырады деген үмітте.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ