2014 жылы дайын болған «KazEOSat-1» және «KazEOSat-2» жер серіктері әлі Қазақстанның меншігіне берілмеген. Жерді қашықтан зондтау спутниктері дайындаушы ел - Францияның иелігінде. Оларды өз меншігімізге алуға қосымша құн салығы кедергі келтіріп тұрған көрінеді. Жерді қашықтан зондтау жүйесін құру келісіміне енгізілген өзгерістерді таныстырған аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев қосымша құн салығына қатысты мәселе шешілсе, Қазақстан спутниктері пайда әкеледі деп сендірді.
Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы:
Біз дайындаған жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесінің ТМД елдерінде баламасы жоқ. Мұндай жүйе, тіпті Ресейде де жоқ. Олар бұл шаруаны енді қолға алғалы жатыр. Сондықтан біздің спутниктер түсірген суреттерді сатып алуға ресейлік тарап ұсыныс білдіріп отыр. Өзге елдер де сатып алуға ниет білдіруде, яғни біздің жүйеге сұраныс бар.
Алайда депутат Тұрсынбек Өмірзақов бұл жүйеге күмәнмен қарайды. Айтуынша, қазақстандық жер серіктері өзге елдердің спутниктерінен 50, тіпті 100 пайызға қымбат. Құнының қымбаттығына қарамастан, олар өздерін ақтап та жатқан жоқ дейді.
Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мынау Ишім, Бәйтерек, Қазсат-1 деген біздің Қазақстанның жобалары басталып, ешқандай пайда келтірмей жабылып жатыр. 10 жылдың ішінде 1,5 млрд ақша кетті. Былай қарағанда, көп ақша. «Қазеосат» деген ұшып жүрген не бар ғой спутник, түсірмей жатып, дұрыс ұшпайды дейді, маховиктері дұрыс жұмыс істемейді дейді.
Депутаттың айтуынша, отандық жер серіктері әлемдегі өзге спутниктерден қымбат болмауы тиіс. Және орбитада істен шықса да, бюджетке пайда түсіруі керек. Француз үкіметі мен Қазақстан арасында жерді қашықтан зондтау жүйесі мен сынақ кешенін құру жобасының құны 69,6 млдр теңге.
Парламенттің төменгі палатасы бүгін заң жобасын бір ауыздан мақұлдады. Қосымша құн салығы мәселесі шешім табатын болды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ