Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында Аэроұтқыр күштер әскері ардагерлер үшін ерекше шара ұйымдастырды

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2015
  • 1709

Алматы облысында Аэроұтқыр күштер әскері ардагерлер үшін ерекше шара ұйымдастырды. Полигонда екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған қарулар көрсетілді. Майдангерлер тіпті жас кездерінде қолға алған қарулардан оқ та атты. Тоқсаннан асқан ақсақалдар нысанаға тигізуден мүлт кетпей, жиналғандарды мергендігімен таңқалдырды. Ардагерлермен бірге әскери полигонда болып қайтқан тілшіміз Берік Хасенов баяндайды. 

«Іле» полигоны - аэроұтқыр әскерлері шеберлік шыңдайтын алаң. Үнемі жауынгерлік әзірлікте жүретін, кез-келген тапсырманы орындауға дайын десантшылар бүгін жаттығуларын доғарды. Сарбаздар сап түзеп, соғыс ардагерлерін қарсы алды.

Қолбасшылар қарт майдангерлерге сый-құрмет көрсетті. Ашық аспан астындағы көрмеде Ұлы Отан соғысында қолданылған тапанша мен автомат, тіпті әйгілі «Максим» пулеметі де бар.

Берік хасенов,тілші:

Қазір менің қолымда тарихи қару. 1891 жылы шыққан «Винтовка Мосина» деп аталады. Әсерилердің айтуынша, бұл мылтық басынан екі соғысты өткерген. Азаматтық және Ұлы Отан соғысын. Шыққанына бір ғасыр болса да, бұл қару әлі күнге дейін жарамды.

Майдангерлер мергендікті сынаудан тайсалмады. Қолдарына қару алып, оқты нысанаға дөп тигізіп жатты. Жиналғандар таңдай қақты.

Василий Зенченко, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Бір рет ондыққа, екі рет тоғыздыққа тигіздім. Тек көздің нашарлығы болмаса, мүлде мүлт кетпеуім керек еді. Соғыста әр оқты босқа жібермей, жауға тигізу керек болатын. Сен тигізбесең, ол сені атып тастайды.

Ардагерлерге заманауи қарулар да көрсетілді. Олар жетпіс жыл ішінде қарудың жетілдірілген түрлері пайда болғанын көрді. Әскерилер бұл шараға жиырмаға жуық ардагерді шақырды, бірақ көбі келе алмаған.

Дәулет Оспанов, ҚР Қарулы Күштерінің аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор:

Ардагерлерді өзіміз құрметтемесек, кім құрметтейді? Осылардың арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша жыл бойы, әр ай сайын 9 мамырға дейін осындай шаралар болады.

«Іле» полигонына келген ардагерлер бір серпіліп қалды. Олар өздеріне көңіл бөлген ұрпағына ризашылық білдірді. Қару ешқашан адамға қарай атылмасын, елімізде тек бейбітшілік болсын деген бата берді.

Берік ХАСЕНОВ