Пойыздағы емхана. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына аялдады. Заманауи қондырғылармен жабдықталған әрі білікті мамандар отырған пойызды халық асыға күткен еді. Дәрігерлерге қаралушылар саны да едәуір көп. Наурыздың 23-інде Қарағандыдан шалғай ауылдарға жол тартқан жылжымалы емхана дәрігерлері бүгінге дейін 2 мыңнан астам адамға диагноз қойып, ем тағайындап үлгерді.
Жанарына ақ түскен Сапарғали ақсақал көзіне бірнеше рет ота жасатқан. Ай сайын қалаға барып тексеріліп келу үшін, 500 шақырым жол жүреді. Алыс сапардан шаршаған қария көзін тексеретін қондырғының ауылға келгеніне қатты қуанды.
Сапарғали Ақыжанов, Атасу кентінің тұрғыны:
Ауылда мұндай аппаратура жоқ. Окулист бар, бірақ ешқандай аппаратура жоқ. Қарағандыда көзіме операция жасатқанда дәл осындайын көргем. Тура сол екен. Өте жақсы. Жақсы қарап жатыр.
Гүлжаһан Тәженова, Атасу кентінің тұрғыны:
Жаңаарқада балалардың тісін қарай қоймайды. Осы пойызда қарату өте ыңғайлы. Қарағандыға барып, тісін жұлдырғанша, жақыннан осында әкелу қолайлы.
Пойыздың іші де, сырты да адамға толы. Өйткені Атасу кентінде нерв жүйесі мен көз жанарын тексеретін қондырғылар жоқ. Тіпті онколог, маммолог, невролог, фтизиатр, балалар дәрігері мен стоматолог та атымен жоқ. Өткен жылы осындай жылжымалы емхана дәрігерлері бұл ауылдан обыр мен өкпе құрты ауруына шалдыққан бірнеше науқасты анықтаған болатын.
Айнаш Мырзақабылова, «Саламатты Қазақстан» денсаулық пойызының аға дәрігері:
Сұраныс көбейіп кеткен бұл медициналық пойызға. Көбінесе ультрадыбыстық зерттеулерге, стоматолог, невропатолог, кардиолог, балалар дәрігеріне. Шалғай жерлерде, үлкен стансаларда - бәрінде, бүкіл жерде адам көп.
Шалғай ауылдарға жол тартқан дәрігерлер - Қарағанды, Павлодар қалаларындағы темір жол ауруханаларының үздік мамандары. Олар 2 апта аралығында 2 мыңнан астам адамға ем тағайындады. Ультрадыбыстық зерттеудің, қан сараптамаларының қорытындысын қолдарына ұстатып, жергілікті ауруханаға жолдауда.
Қуаныш Муталлапов, Қарағанды облыстық ТЖД ресми өкілі:
Әсіресе су тасқыны кезінде қарапайым халықтың дәрігерге келіп қаралуы өте қиын. Сол себепті ең басты мақсатымыз - халыққа жәрдем беру. Бұл пойыз Қарағанды облысының 20-дан астам ауылында тоқтайды.Темір жол бойындағы барлық стансаларды қамтиды.
Медициналық пойыз 21 сәуірде Жезқазған қаласына барады. Жұмысын сол жерде қорытындыламақ.
Айжан ҚУАШ