Қарағанды облысында дамбалардың барлығы бірдей бекітіліп үлгермей жатыр. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдай мамандары айтты. Департамент басшысының орынбасары Мұрат Қатпанов енді аулаларды құммен бекітуге тура келетінін айтады.
Құтқарушылар СМС хабарламалар арқылы тұрғындарды төтенше жағдайға дайын болуға шақырады. Олар аймақта 100-ге тарта елді мекен су астында қалуы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Мұрат Қатпановтың айтуынша, су қоймаларының басым бөлігінде су өткізетін орындар апатты жағдайда тұр. Бүгінде көптеген ауылдарда жағдайды бақылауда ұстайтын бекеттер ашылып жатыр. Құтқарушылар жергілікті халықты көмекке шақыруда. Олар үй маңын тазалап, аулаларға су кірмейтіндей етіп, құм төсеуді сұрайды. Жағдайдың бұлайша ушығып кетуіне өңірде жауған қардың әдеттегіден 2 жарым есе көп болуы да себеп көрінеді.
Мұрат Қатпанов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:
Қар өте көп. Өзіміз барып көрдік. Ауылдарда инженерлік техника жеткіліксіз. Сондықтан ауылдар техника керек деп сұрап жатыр.
Облыстағы Көкпекті ауылында былтыр орын алған су тасқынына кінәлі деген күдікпен екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Олар аталған елді мекендегі дамбаны пайдалануда салақтық танытты делінген болатын. Бүгін белгілі болғандай, қос азаматқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Арнайы прокурорлар басқармасының мәлімдеуінше, кәсіпкерлер сотта өздерінің су қойма қожайындары еместігін дәлелдеген. Еске салайық, бір жыл бұрын Көкпекті су қоймасының бөгеті бұзылып, 5 адам қаза тапқан еді. Болған жайтқа кім жауап беретіні әзірге белгісіз. Тергеу амалдары жалғасуда.
Айжан ҚУАШ