Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный кентін қар суы басты

  • AstanaTV
  • 09 сәуір 2015

Күннің күрт жылынуынан қар суының ағыл-тегіл еруі Қостанай маңындағы Заречный кентінің тұрғындарын әбігерге салды. «Солтүстік» шағын ауданындағы жиырмадан астам тұрғын үй топан судың құрсауында қалды. Төтенше жағдайдан ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ бұл көктем сайын қайталанатын жайт дейді ауыл тұрғындары. Толығырақ Заңғар Санай сабақтайды.

Алқаптан аққан қар суының қарқыны ауыл арасындағы жолдарды шайып кеткен. Елді мекен тұрғындары екі-үш күннен бері көліктерін айдалаға қалдырып, уақытша көпірмен қатынауға мәжбүр.

Жыл сайын қыр жақтан құлдырап ағатын қар суы жаңадан бой көтерген «Солтүстік» шағын ауданның бел ортасын басып өтіп, Тобыл өзеніне құяды. Сондықтан күн жылына бере, тасқынға төтеп берудің қамын ойлай бастаймыз,-дейді бұл маңайды мекендеген тұрғындар. Олардың айтуынша, қар суы екі апта бұрын келе бастаған.

Рәзия Рахимова, Заречный кентінің тұрғыны:

Бұл жер әп-әдемі жол болатын. Енді оны қайтадан қалыпқа келтіру үшін, жерді көтеру керек шығар. Жылда осылай болса, білмеймін. Судың қайдан және қалай ағатынына қарау керек қой. Бұл енді архитектуралық жұмыс ғой, былай алып қарағанда.

Абзал  Арықов,  Заречный кентінің тұрғыны:

Әркім өз күшімен баспанасын қорғап қалудың қамымен жүр. Шағын бөгеттер жасап, судың бағытын бұруға тырысудамыз.

Су басқан аумақты қалыпқа келтіру жұмыстары бір аптаның ішінде аяқталады. Кешеден бері бұл жерде арнайы кезекшілік топ жұмысқа кіріскен. Олар «қазір судың ағысы бәсеңдеп қалғанын» айтады.

Талғат  Кәкімов, Қостанай облыстық ТЖД бастығы:

Кеше түнде және бүгін осы жерде кезекшілік ұйымдастырылды. Біздің қызметкерлердің қатысуымен. Ал жергілікті әкімдік уақытша өтетін  көпір салды. Судың ағысы кішкене азайды.

Жергілікті билік өкілдері келесі көктемге дейін ауыл шетінде үлкен бөгет салынатынын айтады. Бұл мақсатқа қазынадан 150 миллион теңге қарастырылған. Төтенше жағдайлар департаменті облыс бойынша  23 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Бұл аумақтар қазір жіті бақылауға алынған.

Заңғар САНАЙ