«Қарабас-Жезқазған» тас жолын су басты, жол жабылды

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2015
  • 1460

Қарағанды облысындағы «Қарабас-Жезқазған» тас жолы жабылды, бұл жолы топан судың кесірінен. Төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, көлік қозғалысының шектелуіне еріген қар суының жолға жайылуы себеп. Нақтырақ айтқанда, «Қызылорда-Павлодар» тас жолының 772, 759, 911 шақырымдары су астында қалып отыр. Осыған байланысты «Қарабас-Жезқазған» учаскесінде барлық автокөлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылды.

Айта кетейік, кеше ғана облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары, өңірдегі 100-ге жуық елді-мекенге судан қауіп төніп тұрғанын айтқан. Аталған департамент бастығының орынбасары  Мұрат Қатпанов: «су қоймаларының басым бөлігінде су өткізетін орындар апатты жағдайда тұр», - деген болатын.

Сондай-ақ су қоймаларындағы дамбаларды бекітіп үлгермегендерін ескертті. Құтқарушылар биыл қардың жылдағыдан көп болуына байланысты, аймақтағы су қоймалары мен өзендердің арнасынан тасуы мүмкін екенін айтқан. Сондықтан төтенше жағдай бола қалғанда, тұрғындарды дайын отыруға үндеді.

Тоғжан ОСПАНБАЕВА