Ақтөбе іргесіндегі саяжайлар су астында қалды. Шаһардың шетіндегі аймақтарды еріген қар суы басып жатыр. Мәселен, бір саяжайдағы ұзын-саны 18 жер телімі су тасқынынан едәуір зардап шеккен. Бір үйді түгелдей су басып қалды. Одан бөлек, қысы-жазы адам қарасы үзілмейтін ондаған баспанаға қауіп төніп тұр.
Бүгін таңертең сағат тоғыз жарымда су басты. Тіпті, біздің үйімізге дейін келді. Ал көршілеріміз қатты зардап шекті.
Ақтөбеде су тасқынына қарсы штаб наурыздың ортасында жұмыс бастаған. Штаб құзырында қазір су сорғыш 100 көлік бар. Техника көмегіне жүгінгісі келген тұрғындардан тәулігіне 150-ге жуық шақырту түседі. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімі меңгерушісінің айтуынша, жыл сайын еріген қар мен жаңбыр суы белгілі бір аудандарға ғана қауіп төндіреді.
Бекболат Нұрашев, Ақтөбе қаласы әкімдігі төтенше жағдайлар бөлімінің меңгерушісі:
Біздегі ең қауіпті аумақтар болып - саяжай массивтері саналады. Өзен жағасына орналасқан бау-бақшалар.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ