Йеменнен тағы да бірнеше қазақстандық шығарылды. Бортында 150 адамы бар Ресейдің Ил-62 ұшағы Мәскеу түбіндегі әуежайға қонды. Ұшақ бортында Қазақстаннан бөлек, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары бар. РИА Новостидің хабарлауынша, қақтығыс ошағынан әкетілгендер әуелі медициналық тексерістен өтеді. Құжаттары расталған соң, Ресей Сыртқы істер министрлігінің эвакуациялау бекетіне жеткізілмек. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай сәуірдің 4-і мен 5 і күндері Йеменнен Қазақстанның алты азаматы шығарылған еді. Арасында екі бүлдіршін бар.
Еске салайық, Сауд Арабиясының әскери әуе күштері наурыздың 26-да Йеменнің басым бөлігін өз бақылауына алған хоуситтерге қарсы соғыс ашып, елді әуе соққысы астына алды. Осылайша елде қақтығыстар өршіп кетті. БҰҰ есебі бойынша, қақтығыс басталғалы бері Йеменде 300-ден астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Бас көтерген хоуситтер президент резиденциясын тонап, мемлекет басшысы Мансур Хадидің басы үшін 100 мың доллар сыйақы тағайындады.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА