«Самұрұқ-Қазына» Америкадағы Силикон жазығында «Самұрық Innovation» аталатын еншілес компания құрмақ. Жуырда қор басшысы Өмірзақ Шөкеевтің жетекшілігімен құрылған жұмыс тобы АҚШ-тағы Калифорния шаттына барып, бірқатар кәсіпорындарын аралап қайтты.
Атап айтсақ, Стэнфорд және Беркли сынды белді университеттер мен Tesla Motors, SolarCity сынды танымал инновациялық компаниялардың жұмысымен танысты - деп, қордың баспасөз қызметі хабарлады. Тараптар таза энергетика, газ-химия, көлік, медицина, ауыл шаруашылығы мен білім беру, ІТ саласын дамытуда әріптестік орнату мүмкіндіктерін сөз етті. Қазақстандық делегация Силикон жазығының іскер және ғылыми орта өкілдерін мамырда Астанада өтетін экономикалық форумға шақырды. Форумда «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде іске асырылуы мүмкін бірлескен жобалар талқыланады деп жоспарлануда.
Айта өтейік, Tesla Motors кәсіпорны алғашқы толық электрлі спорттық автокөлік құрастырған соң, дүние жүзіне танымал болды. Таяуда Х модельіндегі жол талғамайтын электр көліктерін құрастылмақ. Ал, SolarCity - Құрама штаттардағы энергетика саласында қызмет ететін ірі компания. 2006 жылы құрылған кәсіпорын жекелеген тұрғындарды, кәсіпорындарды, тіпті мемлекеттік мекемелерді күн қуатымен қамтамасыз етіп отыр.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА