Ақмола облысындағы Калачи ауылында тағы екі адам «ұйықтап қалды». Есіл аудандық ауруханасына үш жасар қыз бен бір әйел жеткізілген. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент хабарлады.
Ал осыдан бірер күн бұрын Калачиден алпысқа жуық отбасы облыстың басқа аудандарына көшірілді. Жалпы ауылдағы 532 тұрғынның жүз елуі қауіпсіз аймақтарға қоныстанған. Олар көшуге ерікті түрде келіскендер. Жаңа жерге қоныстанғандарға үй-жай тегін берілді. Сонымен қатар қоныстанушыларға жалға ірі қара алуға мүмкіндік жасалды. Мамырда жергілікті билік тағы 90 отбасын көшіруді жоспарлап отыр. Айта кетейік, Калачиде 2013 жылдан бері ұйқы ауруы 168 мәрте тіркелген.
Нұрлан Нұркенов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:
Осында тұрып жатқан 218 отбасынан бүгінде 60 отбасы көшірілді. Жақын маңдағы ауылдардан тағы 20 үй көшем деушілерді қалбылдауға дайын тұр. Көшкендерге жасалып жатқан жағдайды көріп, соңғы кезде қоныс аударуға ниет білдіргендер саны артып келеді. Жаңа жерде адамдарға жұмыс беріледі. Материалдық көмек беріліп жатыр. Сондай-ақ малға қажетті жем-шөппен, отын-сумен қамтамасыз етілді.
Ал алты баласы бар Иван Беспаловтың отбасы осыдан үш ай бұрын Атбасар ауданының Родионовка ауылына көшкен. Ақмола облысының әкімдігі оларды тек баспана мен шаруашылықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, 500 мың теңге көлемінде көшерақы төлеп берген. Қоныс аударғандар туған ауылдарын сағынғанмен, оралғысы жоқ.
Иван Беспалов:
Осында келгелі екі ай бойы бақташы болып жұмыс істедім. Қазір қарапайым қара жұмысшымын. Жалақым өзімізге жетеді. Ауылдастарымыз жақсы, бауырмал. Калачиді сағынамыз, бірақ қайтып оралғымыз келмейді. Бұл жердің ауа райы жақсы. Ауырып жүрген жоқпын.
Жұрағат БАМАН