Шығыс Қазақстан облысында су басу қаупіне байланысты республикалық маңызы бар екі күре жолда қозғалыс тоқтатылды. Мұз аралас екпінді су Өскемен-Алматы бағытындағы жолдың асфальт қабатын шайып кетті.
Ал Өскемен-Семей-Астана арасындағы Қарасу өзенін басатын көпірдің бір бөлігі қирап қалды. Жолда қалған жүргізушілер жергілікті мектепте түнеп, таң ата жолдың қауіпсіз аумағына жеткізілді.
Қазір облыстың барлық күштері топан суымен күреске жұмылдырылуда. 9 елді мекенде тас жолдар мен бөгеттердің іргелері қосымша бекітілуде. Жауын-шашын құтқарушылардың жұмысын одан бетер қиындатты. Қауіпті аймақтағы Переменовка ауылының тұрғындары көшірілді. Құтқарушылар штабы ахуалдың бақылауда екенін, ал зардап шеккендер жоқтығын мәлімдеуде.
Евгений Шатурный, ШҚО ТЖД ақпараттық-сараптамалық бөлімшесінің басшысы:
Ірі қара мал мен қойға қауіпсіз орын алдын ала әзірленген. 184 адам жергілікті мектепке көшірілді. Жұмыс жан-жақты жүргізілуде. Арнайы техника да жұмылдырылды. Келген су беті қайтқасын, қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз.