Соңғы 48 сағат ішінде, Түркия шекарасына 35 мыңнан аса сириялық босқын келіп жеткен. Мұндай ақпаратты елдің сыртқы істер министрлігі таратып отыр. Жергілікті БАҚ өкілдері тағы 50-60 мың сириялықтың жолға шыққанын хабарлап үлгерді. Негізінен Түркияға Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласынан келіп жатыр. Бас сауғалаған сириялықтарды Түрік үкіметі шекарадағы лагерлерге қоныстандыруда. Самат Сүлейдің репортажы.
Сирияның Алеппо қаласынан ағылған босқындар Түркия шекарасына жиналуда. 45 шақырымдай жол жүріп келген босқындарды ресми Анкара арнайы лагерлерге жайғастырып, ас-сумен қамтамасыз етуде.
Нурман Куртулмуш, Түркия премьер-министрінің орынбасары:
Түркия Сирия халқына жәрдем беруден ешқашан бас тартқан емес. Сондықтан үздіксіз келіп жатқан босқындарды шекара маңында қабылдап жатырмыз. Бізге бауырларымыздың өмірі маңызды. Сондықтан қолдан келген көмекті аямаймыз.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі күні лагерлерде 70 мыңнан аса босқын бар. Олар бұл жерге жете алмай, жолда қалғандардың да аз емес екенін айтады.
Босқын:
Арамызда қарттар мен әлі қырқынан шықпаған нәрестелер бар. Қанша шақырым жол жүріп, жаяу келдік. Бұл қиындыққа шыдамай, орта жолдағы басқа қалада қалып қойғандар да бар. Алеппоның астаң-кестеңі шығып, қауіпті аймаққа айналды. Онда бір сағат тұру мүмкін емес.
Сириялық сарапшылар, Алепподағы атыс-шабыс тоқтамайынша, Түркияға қарай ағылған босқындардың саны азаймайтынын айтады.
Әбдулкәрім Ага, Сириядағы демократиялық қозғалыс ұйымының төрағасы:
Соңғы бірнеше аптада Ресей ұшақтары әуеден атқылауын тоқтатар емес. Егер осылай жалғаса берсе, Алепподан Түркияға қарай ағылатын босқындар саны 1 миллионнан асып түседі. Шахарда халық тығыз орналасқан. Оның үстіне тұрғындар үш жақтан қыспаққа түсті: әуеден Ресей ұшағы, қала сыртынан Башар Асадтың әскерлері атқылауда. Алеппо орталығында оларға қарсы Сириялық оппозицияның содырлары орналасқан.
Түркия үкіметі Сириялық босқындарға қол ұшын созып, бауырына басудан қашпайтынын айтып отыр. Дегенмен, Алепподағы жағдайдың тұрақталуына әлемнің өзге елдері де ат салысса, дейді.
Самат Сүлей, тілші:
Ресми статистика бойынша, қазіргі күні Түркияда 2 миллион 700 мыңдай сириялық босқын бар. Оларды бағып-қағуға 2012-ден бері 10 миллиард АҚШ валютасы жұмсалған. Егер Алепподан ағылған босқындар ел ішіне өтетін болса, бұл қаражаттың көлемі тағы да артатыны сөзсіз.
Самат СҮЛЕЙ