Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысындағы бірқатар бағыттағы тас жолды тасқын шайып кеткен

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2015
  • 1494

Павлодар облысындағы бірқатар бағыттағы тас жолдарды тасқын су шайып кетті. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, әсіресе Ертіс ауданындағы ахуал алаңдатарлық жағдайда. Аудандық маңыздағы жолдың 7 шақырымы ағын судың астында қалды. Салдарынан Селеті-Қызылағаш бағытындағы тас жолда 4 метрлік жар пайда болған. Бүгінде бұқара елді-мекенмен дала жолы арқылы байланыс орнатыпты. Дәл осындай ахуал Павлодар-Қарағанды республикалық маңызындағы жолда да орын алып отыр. Ащысу өзеніндегі көпірдің бұзылуынан арадағы қатынас үзілген.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, Құндыкөл, Сәтбаев және Ұзынбұлақ ауылдарына көлік қатынасы тоқтап, Қарағанды облысының тас жолы жабылды. Жалпы аймақ бойынша тағы үш бағытқа шектеу қойылған. Апатты аумақтарда құтқарушы-мамандар кезекшілік етіп, арнайы техника сақадай сай,- дейді төтенше жағдай мамандары.

Әлібек Длимов, Павлодар облыстық ТЖД басшысы:

Қазіргі уақытта бұл аумақтарда қалыпқа келтіру жұмыстарына дайындық шаралары жүргізілуде. Қажетті материалдарды әкеліп жатырмыз. Десе де, жөндеу жұмыстарын жүргізу жайлы айтуға, әлі ерте. Өйткені, судың ағыны қатты.

Кеше, табиғи апаттан зардап шеккен Баянауыл және Ақтоғай аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бірінші болып, тасқын су Теңдік ауылына өткен жұма күні кешкісін жеткен еді. Төтенше жағдайлар қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, табиғи апаттан 10 баспана мен 9 қора-қопсы жарамсыз болып қалған. 200-дей мал айдалып, 6 отбасы қауіпсіз жерге жеткізілді. Дегенмен, ахуал тұрақтанып келеді- деді құтқарушылар.

Гулжан МУКУШЕВА