«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз салымшыларына өтемақы төлеуді бастады. Астана мен Алматыда және еліміздің барлық аймақтарындағы жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарында депозиттер бойынша қосымша келісімшарттар қабылданып жатыр. Өтініш қабылдау электронды қолтаңба арқылы жасалуы тиіс. Қосымша келісімге сәйкес, өтемақы 2015 жылдың 18 тамызына, яғни доллар бағамы өскенге дейін салымын теңгемен жинаған азаматтардың барлығына беріледі. Бұл жалпы жинақтың 35,5 пайызын құрап, екі кезеңмен өтеледі.
Апта «ә» дегеннен осындай жағымды жаңалықпен басталып отыр. Әсіресе тапқан-таянғанын «үй алармын» деген үмітпен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салып жүргендер үшін. Банк өз салымшыларына өтемақы төлеуді бастамақ.
Айжан Медеуова, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Өтемақы банктің барлық салымшысына беріледі. Бірақ оның шоты 2015 жылдың 18-ші тамызына дейін ашылған болуы керек. Берілетін ақша жалпы салымның 35,5 пайызын құрайды. Бұған бюджеттен 37 млрд теңге бөлінсе, банк есебінен 24 млрд теңге шығарылып отыр. Бұл біздің 5 жыл ішінде жинаған жеке капиталымыз.
Қазір жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қосымша келісімшарт жасауға салымшылардан өтініштер қабылданып жатыр. Оған электронды үкіметтің «www.egov.kz» интернет порталында және банктің сайтында электронды-сандық қолтаңба арқылы жеке қол қойылуы тиіс. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 467 мың салымшы допозит ашқан екен.
Ермек Болтаев, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қоғаммен байланыс басқармасы жетекшісі:
Қазақстан бойынша күнделікті 5 200-ге жуық адамға қызмет көрсетуіміз керек. Ол бір филиалға күнделікті 500 адамнан келеді. Оған, шыны керек, банктің мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз электрондық қол таңбаға жүгініп отырмыз.
Астаналық Райымбек Камалдинов қосымша келісімге өтініш білдіру керектігін естіп, бірден осында жеткен. Айтуынша, жинақ банкіне 8 жылдан бері үзбей ақша құйып келеді.
Райымбек Камалдинов, салымшы:
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 2008 жылдан бері салымшысымын. Бүгінгі күнге дейін қаржыны тұрақты салып келемін. Өтемақының берілетіні жайында банкке хабарласып, біліп тұрдым. Электронды өтініш жіберу керек екен. Соны жібердім.
Өтемақы коэффициенті 2015 жылдың 18 тамызындағы операциялық күннің «Қор биржасындағы» соңғы валюта бағамы бойынша есептелді. Ескеретін бір жайт, депозит иесі 35,5 пайыздық өтемақыны бірден ала алмайды. 19,2 пайызы - 2016 жылы өтелсе, 16,3 пайызы 2017 жылы аударылмақ. Оның 21,5 пайызы бюджеттің, ал 14 пайызы жинақ банкінің меншікті капиталы есебінен беріледі.
Құралай Пионер, тілші:
Салымшылардан өтініш 31 мамырға дейін қабылданады. Ал 1 шілдеден бастап, 2016 жылға, яғни бірінші кезеңге тиесілі өтемақы жеке шоттарға түсе бастайды. Бір адамның 2 немесе одан да көп салымы болған жағдайда, өтемақы әрқайсысына 35,5 пайыздан жеке-жеке есептелмек. Атап өтерлік жайт, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларға өтемақы берілмейді.
Құралай ПИОНЕР, Айгүл ЕРМАХАН