Ақтау теңіз портының жұмысы премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың сынына ілікті. Порттағы ұзын-сонар кезектен бастап, ең ақыры мұнда дәретхананың жоқтығы да айтылып, тиісті ескерту жасалды. Бір қызығы, мұндай күрмеуі қиын мәселені шенеуніктер порт қызметкерлерінен емес, жүк көліктерінің жүргізушілерінен естіді. Бірінші вице-премьер елдің теңіз қақпасы қалай жұмыс істеу керектігін айтып берді. Жүк тиеуге 5 сағаттан астам уақыт кетеді. Алайда теңіз портының басшысы құжаттарды рәсімдеуге неге көп уақыт кететінін түсіндірген жоқ.
Анықталғандай, Түркиядан келетін жүк тасқыны бүгінде бірнеше есеге дейін артып кеткен. Ал Ақтау теңіз порты бұған дайын болмай шықты. Жыл басында қазақстандық портта Бакуге дейінгі паромға жете алмаған жүк көліктері жиналып қалған. Ал келгендерінің порттан шыға алмаған жағдайы тіркелген еді. Шекарашылар мен ветеринарлар бұдан былай жұмыс уақытын өзгертіп, мамандар мен компьютерлер санын ұлғайтуға уәде берді. Фитосанитарлар енді жүк көліктерін ішінара тексеретін болады. Қатаң ескертулерден соң портта брокерлік қызмет құрылып, тамақтану орындары мен биодәретхана, кемпинг ашу жоспарланды. Тіпті жүктерді рәсімдеу мерзіміне де жаңалық енгізілуі мүмкін.
Ардақ Теңгебаев, ҚР Қаржы вице-министрі:
Ақтау порты арқылы тауар мен көліктерді өткізу тәртібін жеңілдету бойынша Жол картасы жасалды. Сонымен қатар көліктерге жүргізілетін мемлекеттік бақылау үдерісінің уақытын қысқарту бойынша рәсімдеудің тәртібі жасақталды. Алдын-ала болжам бойынша, пароммен келетін алғашқы көлік Ақтау теңіз порты арқылы екі жарым сағатта өте алады.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ