Еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінің 17 ауданында 50 елді мекенді су басып қалды. 5 көпір қирап, сел салдарынан республикалық маңыздағы бірнеше күре жолда қозғалыс тоқтатылды. Төтенше жағдайдайлар комитетінің төрағасы Владимир Божко бүгін Астанада өткен брифингте бұндай ауқымды селдің бұрын-соңды болған-болмағанын есіне түсіре алмады. Есесіне «табиғатқа қарсы амалым жоқ» деген сөзін тағы қайталады.
Владимир Божко, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
«Әлін білмеген әлек» деген жақсы мақал бар. Ұлытау ауданында ені 3, тереңдігі 1 метрлік су жайылғанда, кешірерсіздер, мен Құдай емеспін, ешкім де мұндай ағынды тоқтата алмайды. Өткен жылы бір рет «мен Құдай емеспін» деп айтып қалып, сіздер жыл бойы «Құдай емес министр» деп, қағытып едіңіздер. Бұл тылсым табиғат.
Алайда судың көлемі биыл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. «Бұндай көрсеткіштердің боларын біз алдын ала болжағанбыз», - дейді Владимир Божко. Есіл, Сілеті, Шағалы, Нұра, Шерубай-Нұра қоймаларының арнасы биыл өткен жылмен салыстырған 30-40 пайызға артығымен толған. Селден қорғану жөніндегі бұйрыққа ІІМ-нің қолы 3 наурызда қойылып, төтенше жағдайлар бойынша үкіметтік комиссияның селекторлық жиналысы, қауіп аумағындағы жергілікті әкімдіктердің 1 тоқсан ішінде өткізген 86 отырысы да жағдайды құтқармапты.
Владимир Божко, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
12 сәуірден бастап Нұра өзеніне Шерубай-Нұра және Самарқанд су қоймалырынан секундына 2300 текше метр су құйылуы жағдайды ушықтырып жіберді. Бұл тәулігіне 200 млн текше метр су. Ал Нұра арнасы қалыпты жағдайда секундына тек 600 текше метр су жіберуге қауқарлы. Оған жан-жақтан қосылатын қар суын ескерсек, көптеген елді мекендер су астында қалғалы тұр.
Биылғы қиын жағдайды төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы ауа райы қолайсыздығымен түсіндірді. Егер де жылда наурыз айының соңына дейін жер тоңы жібіп, су құмға сіңсе, биыл күн жылымай, қар сәуірге дейін сіресіп жатып алған. Владимир Божко тіпті Ақмола облысың өңір басшысы Сергей Кулагин екеуі тікұшақпен барлап, су таппай тосылған аққуларды да кезіктіріпті.
Владимир Божко, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
Сергей Витальевич Кулагин екеуміз тікұшақпен Ақмола облысын барлап, Сілеті су қоймасынан 900 шақырымдай жерді араладық. Облыс тұтастай ақ қардың құрасауында болды. Көктем деп өңірге қайтқан аққулардың қонарға су таппай жүргенін көрдік.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ