Русский Сайттың толық нұсқасы

Байқонырдан Мәскеуге қатынайтын ұшақтар енді Қызылордадан ұшатын болады

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2015
  • 1797

Қызылордадағы Қорқыт-Ата әуежайы, Мәскеуден Байқоңырға жол тартқан алғашқы рейстерді қабылдады. Бұған дейін бұл рейстер Байқоңырдағы Крайний әуежайына қонатын. Әуежай 1-сәуірден бері күрделі жөндеуге жабылғандықтан, Мәскеумен арада қатынаған тұрақты рейстерді Қызылордаға бұру туралы шешім қабылданған. 156 жолаушы мінген алғашқы ұшақ Қорқыт Атаға Мәскеуден үш жарым сағатта келді. Жолаушылар Байқонырға арнайы автобуспен жеткізілді. «Боинг» командирі Қызылорда әуежайының ұшу алаңына көңілі толғанын жеткізді.

Игорь Кривошеин - Ұшақ командирі:

Осыған дейін Байқоңырға Ту-154 ұшағымен келгенбіз. Ал бұл жолы "Боингпен" алғаш рет қондық, маған ұнады. Ұшу алабы еуропалық әуежайлардағы сияқты, бәрі жақсы. Ешқандай қиыншылық туған жоқ.

Қызылорда әуежайын ресейлік ғарыш кәсіпорындары жалдаған чартерлік рейстер де пайдалана алады. Кеше осындай рейстердің бірімен «Прогресс М-27М» жүк кемесінің ұшыруына ат салысатын мамандар келді. Әуежай мамандары Байқоңырға ұшатын ұшақтарға қызмет көрсету қарашаға дейін жалғасатынын хабарлады. Айта кетейік, Қызылорда әуежайы ауыр ұшақтарды қабылдауға дайын. Өткен жылы Қорқыт ата әуежайы халықаралық статусқа ие болды. Алдағы мамырдан Мәскеуге, Анталияға және Үрімшіге жаңа рейстер ашылмақ.

Шәрипа САҚТАПОВА