Жамбыл облысында апатқа ұшыраған МИ-2 тікұшағын басқарған ұшқыш Валерий Михиннің денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Ол ауруханада көз жұмған. 12 тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатқан ұшқыштың денесі 50, ал тыныс алу органдары 10 пайызға күйіп қалған болатын. Дәрігерлер, науқастың ішкі ағзалары күйікті көтере алмағанын айтады.
Әбілсейіт Сыдықов, аурухананың күйік бөлімінің меңгерушісі:
Денесінің 50 пайызын от шалған және де тыныс жолдары күйген. Жүрек те, өкпе де - барлығы күйік шалғандықтан, соларға күш түседі. Тілге келместен, 5 ақпан күні сағат 18:15-те қайтыс болды. Науқас бірінші күннен соңғы күнге дейін жасанды тыныс жолына арналған апараттың астында жатты.
Еске салайық, 23 қаңтар күні МИ-2 тікұшағы Тұрар Рысқұлов ауданы орталығынан 100 шақырым жерде құлаған еді. Апаттың нақты себебін анықтау үшін, арнайы комиссия құрылып, әлі күнге жұмыс жүргізуде. Алдын-ала болжам бойынша, тікұшақтың қозғалтқыш қысымы күрт төмендеп кеткен. Ал жерге қона бергенде лапылдай жанған әуе көлігін ұшқыш өз бетінше сөндірмек болады.
Кейін белгілі болғандай, тікұшақ облыстық ІІД балансында «Жаңа әлем» әуе компаниясына тиесілі болып шықты. Ал ұшқыш Валерий Михин сол әуе компаниясының директоры болғаны анықталды. Тікұшақ бортында ұшқыштан бөлек, беделді қызмет атқаратын жергілікті екі адам болған. Олар дін аман. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.