Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге еліміздің түкпір-түкпірінде жылу жинау басталды. Алғашқылардың бірі болып, ақтөбелік еріктілер жергілікті тұрғындарды орталық Қазақстандағы ел-жұртқа қол-ұшын беруге үндеді. Ғаламтор арқылы хабар тарасымен, еріктілер санаулы сағатта бірнеше дорба жинап үлгерді. Көмектің алғашқы легін тез арада Қарағандыға жөнелтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің таратқан ақпаратына сай, наурыздың аяғынан бері аймақта 11 мың 323 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қазір оның 861-і баспаналарына қайтып оралыпты. Сондай-ақ, 1 156 үй судың ортасында қалған болса, бұл сан бүгінде 623-ке қысқарыпты. Дегенмен әлі де эвакуациялық бекеттерде қалып отырғандар бар.
Екатерина Шульговская, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына көмек көрсету үшін, осыдан бір ай бұрын қайырымдылық шара бастапты. Жағдайы жұпыны жандарға киім-кешек жинап, үлестіруді қолға алған. Содан бері үйінде бірнеше сөмке киім де жиналып қапты. Оның барлығын енді Қарағанды облысына жөнелтуді дұрыс деп шешіпті.
Екатерина Шульговская, ерікті:
Қасымдағы еріктілердің бірі курьерлік қызметпен айналысады. Мына заттарды Қарағандыға жеткізуге сол мекеме көмек береміз деген. Жол шығынын толықтай мойындарына алып отыр. Сондықтан жақын уақытта жетеді деген үміттемін.
Әлеуметік көмекті ақтөбеліктер екі бірдей пунктте жинап жатыр. Қысылтаяң уақытта отандастарымызға қол ұшын беру міндетіміз деген абзал жандар көп-ақ. Киім-кешек, дәрі-дәрмектермен қатар ас-су да беріп жіберуге болады. Ең бастысы жолда бұзылмайтын тағамдар болғаны дұрыс.
Замира Қазиева, ерікті:
Бұл акцияны кеше түнде сағат 2-де ғаламторда жарияладық. Тездетіп жинамақпыз. Екі-үш күнде осы түйіндерді тездетіп жеткізуге тырысамыз.
Қайырымдылық шарасынан Астана тұрғындары да шет қалмады. Түске дейін бас қаладан бірінші кезекте қажетті заттар: киім-кешек, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар тиелген бір жүк көлігі Қарағандыға аттанды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бір-екі сағат ішінде жүздеген адам жиналған. Бүгіннің өзінде Қарағанды облысына 6 көлік жөнелту көзделіп отыр. Әзірге қай ауылға бағыттау белгісіз боп тұр. Сондықтан еріктілердің бірі оқиға орнына аттанып, әлеуметтік көмекті үлестіруді қадағаламақ.
Кеше «Instagram»-да көрген бетте қатты қорқып кеттік. Содан бүгін келіп, мүмкіндігімізше көмегімізді көрсетіп кетейік деп жатырмыз.
Қиын жағдай ғой бұл енді. Тілсіз жау дейді ғой, от пен су келіп қалған адамдардың басына. Берік болсын деп айтамын енді. Осы қиын жағдайдан шығып кетсін.
Мансур Есхожин, тілші:
Құтқарушы мамандар Қарағанды облысының 35 елді мекені тасқын судан жапа шекті деп хабарлайды. 500-дей баспана су астында қалған. Он мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Соңғы деректерге сүйенсек, ахуал әлі оңала қоймаған.
Мансұр ЕСХОЖИН