Қазақстанда үш сатылы сот жүйесі енгізілген алғашқы айда сотқа жүгінген азаматтардан бірде-бір шағым түскен жоқ. Бүгін отандық сот органдарының өкілдері жиналып, жаңа жүйенің алғашқы қорытындысын жасады. «100 нақты қадам - ұлт жоспары» аясында сот жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде жүйені өзгертуге бағытталған 11 қадамның іске асырылу барысы сөз болды. Ұлт жоспарында нақтыланған заң үстемдігі бағытындағы кешенді жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.
Бағлан Мақұлбеков, ҚР Жоғарғы сот судьясы:
Істерді қарау барысында ешқандай ауытқушылық болған жоқ, азаматтар тарапынан шағым да түспеді. Әрине, ауқымды қорытынды жасау үшін, бір ай жеткіліксіз. Сот жүйесіндегі реформалар қабылданар алдында алыс-жақын шет елдердің озық тәжірибелері зерттелді. Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы екі жыл талқыланып барып қабылданды.
Отандық сот жүйесінің алдында тұрған міндет - Сот төрелігі институтын Жоғарғы сотқа беріп, судьялардың жаңа әдеп кодексін әзірлеу. Ол құжат маусымда өтетін Судьялар съезінде қабылданбақ. "Ал Сот төрелігі институты осы жылдың қыркүйегіне дейін Жоғарғы соттың еншісіне өтеді", - деді Бағлан Мақұлбеков.