Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда балықты заңсыз өңдеп келген жасырын цехтың жұмысы әшкере болды

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2015
  • 1151

Атырауда балықты заңсыз өңдеп жатқан жасырын цехтың жұмысы әшкере болды. Ол үшін пысықайлар қала маңындағы Томарлы ауылындағы бір үйдің ауласын пайдаланған. Полицейлер цехтың иесі Қазақстанда уақытша тұрып жатқан 36 жастағы Әзірбайжан Республикасының азаматы екенін анықтады. Жасырын кәсіп иелері мол көлемдегі балықтарды тұздап тастаған. Енді бір бөлігін кептіру үшін самсатып іліп қойыпты. Күдікті осыншама балықты танымайтын біреулерден сатып алдым деп ақталған. Бірақ ол айтқандары шетелдік азаматты жауапкершіліктен құтқармады.

Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

Бірнеше бөшкеге бөліп тұздалған балықтың салмағы 4 тоннадан асып отыр. 36 жастағы азаматтың айтуынша, осыншама балықтарды танымайтын белгісіз біреулерден сатып алған. Қазіргі кезде ҚР ҚК 196 -шы , яғни көрінеу қылмыстық жолмен табылған балықты сатып алу, сату бабымен қылмыстық іс көтеріліп, тергелуде.

Айта кетейік, сәуір айының басынан бері облыс аумағында «Бекіре» жедел алдын-алу іс-шарасы өтуде. Оның барысында 9 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық тәркіленген, оның 250 келісі - бекіре тұқымдас балықтар.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ