Өскемен қалалық әкімдігі инвестиция тартуда көш соңында келеді. Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы мен құрылыс саласындағы көрсеткіштер де мәз емес. Шығыс Қазақстан облысының орталығы өзге қалалар мен аудандар арасында «аутсайдер» болып шыға келген. Шаһар басшысының есепті кездесуіне қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов осындай пайым жасады.
Өскеменнің 19-шы шағын ауданында құрылыс қарқын алған. Алайда наурызға белгіленген қоныс тойы болмайтын сыңайлы. Бұған жаңа баспаналарды пайдалануға беру мерзімінің шегерілуі себеп. 1 млрд 700 млн теңге көлемінде инвестиция игерілмей қалған. Құрылыс жұмыстары жобалауда кеткен олқылық салдарынан тоқтап тұр. 300 млн теңгеге бағаланған жоба сәтсіз әзірленген. Коммуникация тарту кезінде жерасты суы табылды. Өңір басшысы Даниал Ахметовтің сынына іліккен жоба бұл ғана емес.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Әкім ерлік жасағанда, бітімгерлік жағдайды қалыптастыру дұрыс-ақ. Қазір бюджет жеткіліксіз дедік. Ал егер бюджет жеткілікті болса, бәріміздің жағдайымыз керемет болар еді. Күн сайын барлық деңгейдегі әкімдер есеп береді. Шынын айтсам, Өскемен әкімі көшбасшылық ұстанымда емес. Бірақ шаһардың потенциалы айтарлықтай ауқымды.
Әкімнің қатал сынынан кейін шенеуніктер деректер мен сандарды жазуға кірісті. Өскеменде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 400 орынға шақталған бар-жоғы 3 балабақша салыныпты. Қазына қаржысы жетпеген. Әкімдік бюджеттен тыс ақша да тарта алмаған. Салдарынан облыс орталығындағы инвестиция көлемі 13 пайызға қысқарды. Есесіне, Семейде мыңға жуық балаға арналған 11 мекеме бой көтерген.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Семейдің әкімі желтоқсанда 11 млрд теңге көлемінде инвестиция тартқан. Ал Өскеменде нөл!
Тағы бір түйткіл - ПИК жұмысы. Ұйымның қаржылық қызметі «құпия» екендігі де жасырын емес. Билікке бағынбағаны өз алдына, тұрғын-үй қорын жөндеу ісіне де инвестиция тартылмаған. Сондықтан тұрғындар пәтер иелері кооперативін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылған кәсіпорындарға алмастыруды ұсынды.
Марина Соловьева, Өскемен қаласының тұрғыны:
Тұрғын-үй шаруашылығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі ПИК-мен бірге болса, жақсы болар еді. Тұрғын үй саласын мемлекет қолдаса, жағдай тұрғындар пайдасына өзгерер еді. Кімнен сұрайтынымыз да айқындалады.
Жиында Өскемен қаласы әкімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға қойылмады. Ал бұл қызметте үш жылдан бері отырған Темірбек Қасымжановтың «кемшіліктерді жойып, бұқараның ұсыныс-шағымдарын ескеремін деп» уәде беруден басқа амалы қалмады.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ