Нигерияда белгісіз індет шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпті вирусты 23 адам жұқтырған. Оның 18-і қайтыс болды. Интерфакстың хабарлауынша, науқастардың басы қатты ауырып, естерінен танған. Көзі көрмей қалған адамдар да бар. Нигерия дәрігерлерінің ақпаратына сай, белгісіз вирус Ондо штатында тіркелді. Жаңа індет туралы осыдан үш күн бұрын белгілі болған. Науқастардың барлығы бір тәулік ішінде көз жұмды. Медициналық сараптама бұл дерттің эбола дертімен ешқандай ұқсастығы жоғын көрсетіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, эболадан Африка елдерінде 10 мыңнан астам адам қайтыс болды. Тағы 25 мыңнан астамы осы вирусты жұқтырған.
Айгүл ӘДЕПБАЙ