Отандық автокөліктерді жеңілдетілген пайыздық үстемемен несиелендіру бағдарламасы жұмысын бастады. Автокөлік компаниялары тобының ақпарына сәйкес, несиелендірудің жылдық пайыздық жарнасы 7,5 пайыздан аспауы тиіс.
Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасының отандық автоөнеркәсіпке деген сұранысты арттыру саясаты бойынша іске асырылып отырған шара. Ол үшін Ұлттық қордан 20 млрд теңге бөлінді. Оның 15 миллиарды коммерциялық банктер арқылы жеке тұлғалардың жеңіл көлік алуын несиелендіруге, ал қалған 5 миллиарды «БРК-Лизинг» компаниясы арқылы жеке кәсіпкерлерге арнайы көлік алуға қаралмақ. Алайда бұл тізімге ауыл шаруашылығы техникалары кірмейді.
Несиелендіру мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс, ал көліктің шекті бағасы - 5 млн 600 мың теңге. Көлік алам деушілер Қазақстанда құрастырылған 4 көлік маркасы арасында таңдау жасай алады.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ