Алматыда «Сенің дауысың - Сенің болашағың» атты постерлер конкурсының жеңімпазы анықталды. Бас жүлде компьютерлік бағдарлама мамандығы бойынша білім алушы студенттің қанжығасына байланды. Оның салған суретінде бюллетень қағазы мен Қазақстанның символына айналған Бәйтерек пен Хан-Шатыр бейнеленген. Қазылар алқасының пайымынша, жүлдегер қарапайым суреттер арқылы сайлауға қатысудың әр адам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсете білген.
Бұл конкурс осыдан бір ай бұрын басталған. Байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен 750 еңбек келіп түсті. Шарада Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары белсенділік танытқан. Жеңімпаздар ғаламтор арқылы анықталды. Енді бас жүлде иесінің туындысы республикадағы билбордтарда ілінеді.
Еркебұлан Қазыкенов, бас жүлде иегері:
Осы конкурста жеңгеніме қатты қуаныштымын. Өзім ойлаған жоқпын, болашақта солай болатынын. Басында бір ай бұрын конкурс жайлы естіген кезде, жай қатысайын дегенмін. Енді қазір осындай жаңалыққа қатты қуанып отырмын.
Өмірбек БАйтұрсынов, қазылар алқасының төрағасы, ҚР суретшілер одағының төрағасы:
Қазір осы плакаттардың барлығы бүгіннен бастап мына көшедегі жарнамалық орындарға ілінеді. Электрондық варианттары басылып, телевизордың барлығында көрсетіледі. Содан кейін сайлау учаскелерінде осы суреттер, постерлер ілінетін болады.
Берік ХАСЕНОВ