Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада «Білімді жастар-мәңгілік елдің болашағы!» атты форум өтті

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2015
  • 2803

Астанадағы Назарбаев университетінің қабырғасында «Білімді жастар - мәңгілік елдің болашағы!» атты форум өтті. Іс-шара аясында «Болашақ» стипендианттарының қатарын толықтырған жастар сертификатқа ие болды. Сондай-ақ, олар еліміздің үздік кәсіпкерлерімен жүздесіп, пікірталас жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Енді біреулері бизнесте үлкен жетістіктерге жеткен ағаларына озық идеяларын таныстырып, қаржылай көмектеріне ие болып жатты.

Болашақ бағдарламасы стипендианттарының қатары кеңейіп келеді. Бүгін вице-премьер Бердібек Сапарбаев білімін ұштап, ел дамуына үлес қосамын деген жас буынға сертификаттар табыстады.

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарына естелік сыйлықтарын табыстады. Жалпы форумға 400-ден астам «Болашақ» түлектері, «Дарын» және «Жас тұлпар» жастар сыйлықтарының лауреаттары, сондай-ақ халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары жиналды. Барлығы да алғыр, жарқын болашаққа сенімді жас өрендер.

Бексұлтан Керімбек, Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті:

Қазақстанның болашағына зор үлес қосамын деп сендіремін. Қазіргі таңда мәңгілік ел жастары, біз, жастар, кез-келген индустриялы өндіріс ошақтарына баруға дайынбыз.

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ төрағасы, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы:

Болашақ бағдарламасы олардың алдында қандай мүмкіндіктер ашатындығын, оны қалай пайдалану керек, елге оралып, елде қалай жұмыс істеу керек, алған білімдерін біздің еліміздің дамуына, егемендікке, күш салуға үйретеді.

Форум «Болашақ бизнес» пікірталас алаңымен жалғасты. Оған белгілі қазақстандық кәсіпкерлер қатысты. Болашақ түлектері де аз емес. Бұл алаңның негізгі мақсаты - білімді жастарды бизнесте тәжірибесі бар, қаржылай демеу көрсете алатын аға буынмен жүздестіру.

Қаныш Төлеушин, «Болашақ» қауымдастығының мүшесі:

Болашақтың түлектеріне қарап, жақсы-жақсыларын алып жұмысқа, оларға тәжірибе беру, жақсы жобалар болса, оларға көмек беру - сондай мақсат.

Болашақ бағдарламасының түлегі, бүгінде белді бизнесмен Қайрат Мәжібаев өз ісінің қыр-сырын жақсы біледі. Сондықтан тәжірибесімен бөлісіп, артынан еріп келе жатқан іні-қарындастарына бағыт-бағдар беруді міндетім деп санайды.

Айдын Рахымбаев, кәсіпкер:  

Біз жүздеген болашақтықпен әңгімелестік. Олардың арасында жұмыспен қамтылғандар өте аз. Неге деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені шалғай жерде, түнгі ауысымда, далалы жерде жұмыс істеуге ниеті жоқ, бірден жылы орынды талап етеді. Осы орайда айтарым - кәсіпорында еңбектенуге дайын болыңдар. Мен де қарапайым жұмыскер боп бастадым. Үлкен жетістіктерге біртіндеп жетесіңдер!

Кездесу қорытындысы бойынша «Болашақ» қауымдастығы мен алдыңғы қатарлы білім беру мен бизнес бағыттар арасында меморандумға қол қойылды. Ал форумға қатысушылар болса, ел жастарына Мемлекет басшысын қолдау туралы Үндеу қабылдады. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА