Русский Сайттың толық нұсқасы

Тасқынға орай Петропавл мен Заречный кенті арасындағы жаяу жүргіншілер көпірі ұзартылды

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2015
  • 1634

Қызылжар билігі тасқынға төтеп берудің амалдарын қолға алды. Судан қауіп төнген Заречный кентіндегі жаяу жүргіншілер көпірі жөнделіп жатыр. Еске салайық, былтыр Есіл өзені арнасынан асып, аталған ауылдың шет жағын су басқан. Өркениеттен қол үзген елді-мекенге Төтенше жағдай департаменті қол ұшын созып, тұрғындар қалаға арнайы жүк көлігімен қатынады. Биыл сондай жағдай қайталанбас үшін жергілікті билік өкілдері қауіп күшейгенде қамдана бастады. Олар қала мен ауылды жалғап тұрған жаяу жүргіншілер жолын 60 метрге ұзартуда.

Алғали Асриев, Петропавл қаласы әкімдігі ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

5-7 жылда бір рет Заречный кентінің шетін су басады. Сол кезде жаяу жүргіншілер кішкентай көпір арқылы қатынайды. Биыл да қауіп төніп тұрғасын оны жаңғыртудан өткіздік. Жөндеу жұмыстарына 5 тонна металл жұмсалды. Жаңарту жұмыстары алдымыздағы 2-3 күнде, яғни өзен деңгейі көтерілгенше аяқталады.

Ал құтқарушылар  тасқынның зардабы былтырғы көрсеткіштерге жетпейді, деп жорамал жасауда. Сергеев су қоймасындағы су деңгейі биыл әлде-қайда төмен. Ал бастапқыда қауіп төндірген қалың қар қолайлы ауа райына байланысты жерге сіңіп кетті,- дейді төтенше жағдай департаментінің мамандары. Тасқын жайпаған Қаратал және Құлыкөл ауылдарында да жағдай бірте-бірте оңалып келе жатқанын айтады.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

Қазір жағдай тұрақты деп айтуға болады. Сергеев су қоймасында Есіл өзені орташа деңгейден 137 сантиметрге асты. Былтыр бұл көрсеткіш 2 метрге дейін жеткен болатын. Жалпы, өзендегі су деңгейі төмендеп барады. Тасқынға тап болған Құлыкөл мен Қараталдан да жиналған су өздігінен ағып кетіп, тұрғындар үйлеріне орала бастады.

Абзал ҚҰРМАНКИН