Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды тазалау басталды

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2015
  • 1721

Қарағанды облысында топан судан зардап шеккен ауылдарға тұрғындар оралып, тазалау жұмыстары басталып кетті. Сенбілікті бірінші болып «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қолға алды. Бүгін олардың алғашқы легі Бұқар жырау ауданы Ғабиден Мұстафин ауылындағы тұрғындарға көмектесті. Ауылдың топан судан кейінгі тұрмыс-тіршілігін тілшіміз Айжан Қуаш көріп қайтты.

Көшелер тасқын жайпаған үйлердің қирандылары мен қоқысқа толып қалған. Топан су Ғабиден Мұстафин ауылын бір сәтте жұпыны күйге түсірді. Сел басқан сексенге жуық үйдің кейбіреулері құлап жатыр. Тұрғындар жұртта қалған мүліктерін жинап, кептіруге кіріскен. Бүгін оларға бес жүзден астам жас отандық көмекке келді.

Дегенмен ауылды бір күнде жинап біту мүмкін емес. Сондықтан сенбілік мұнда әлі де жалғасады. Студенттер мен белсенділер тобы сенбілікті су тасқынынан зардап шеккен барлық ауылда ұйымдастырмақ. Қоқыстан арылған орындар құрылыс алаңдарына дайындалады.

Нұржан Жетпісбаев, «Жас Отан» ЖҚ Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:

Біздің жастардың белсенділігі, аяушылық сезімі, азаматтық ұстанымы жоғары. Тұрғындарға көмектескісі келген жастар көп. Әлеуметтік желілер арқылы хабарласқандар миллионнан асты. Әр түрлі қалалардан хабарласып жатыр.

Жас отандықтар республикамыздың барлық қалаларында гуманитарлық көмек жинау бөлімдерін ұйымдастырған. Киім-кешек, азық-түлік, өзге де қажетті заттар Ғабиден Мұстафин ауылының тұрғындарына да таратылып жатыр.

Мирас Құттыбай, Қарағанды облысы жастар саясаты басқармасының бастығы:

Барша қазақстандықтардың күшімен 36 тонна киім, 13 тонна азық-түлік, 12 тонна  санитарлық гигиена заттары таратылды. 11 500 адам гуманитарлық көмек алды. Төсек жабдықтары, матрас, жастықтар керек.

Әлия Шырынбекова,  Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

Көмектесіп жатыр. Бүкіл қазақстандықтардың басына түскен жайт. Ауыртпалықты бірлесіп көтереміз, жеңеміз.

Қарағанды облысында  топан судан 36 елді мекен зардап шеккен болатын. Қауіпсіз аумаққа көшірілген 11 мыңнан астам адам біртіндеп баспаналарына оралуда. Олардың барлығына еңбек күші ауадай қажет. Жас отандықтар өзге де жастарды топан су басқан ауылдарға жаппай көмектесуге үндеді.

Айжан ҚУАШ