Ислам мемлекетінің көшбасшысы әуе соққысында жараланды

  • AstanaTV
  • 22 сәуір 2015
  • 1576

«Ислам мемлекеті» ұйымының көсемі былтыр әуе шабуылдары кезінде ауыр жараланған. Бірақ оңалып үлгірсе керек. Бұл жайында «The Guardian» басылымы хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, Әбу Бәкір әл-Багдади коалиция ұшақтары шабуылынан өткен жылдың күзінде жарақат алған. Зымырандар Ирактың батысындағы Сирия шекарасы маңында келе жатқан, үш автокөлікке түскен. Көлікте «Ислам мемлекетінің» белсенділері мен  әл-Багдади де отырды деген ақпарат бар. Әуе-соққысынан кейін, «Ислам мемлекеті» көсемі ауыр жараланған. Сол себепті ұйым мүшелері кімді жетекші ететіндерін талқыға салған.

Дегенмен, әл-Багдадидің беті бері қарап, қазір ем-домын жалғастырып жатса керек. Еске салсақ, «Ислам мемлекеті» басшысының жарақат алғандығы туралы ақпарат 2014-жылдың қараша-желтоқсан айларында тараған болатын. Бірақ ол кезде бұл ақпаратты ешкім растамады.

Әсем МҰХИТОВА