Маңғыстау облысында салынып жатқан «Құрық» порты «Ақтау» халықаралық сауда портына бәсекелес болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Индустрия және даму министрлігі су көлігі басқармасының бастығы Қасым Тілепов айтты. Керісінше, жаңа порт Ақтау теңіз портының жүгін жеңілдетпек.
«Құрық» порты мен оған жүк апаратын «Боржақты-Ерсай» және «Шу-Алматы» темір жолдарының құрылысына бөлінген қаржы толық игерілген. Яғни 2015 жылға бұл мақсатқа қаралған ақша 30 млрд теңгені құрайды. Порт құрылысына 500-ден астам адам тартылған. «Құрық» порты қолданысқа берілген кезде 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жобаларға тиесілі қаржы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан бөлінді. Ал «Құрық» портындағы паром кешені құрылысына 2015 жылы 4,8 млрд теңге бөлінсе, биыл тағы 7 млрд қаралып отыр. Бірақ бұл сома аздық еткен.
Бақыт Қарсақбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиал директоры:
Биыл бірінші кезеңді аяқтау үшін, 21 млрд теңге қаржы керек деп есептегенбіз. Қазір 7 миллиардтан бөлек, тағы 10 млрд көлеміндегі ақшаны қарастырып жатыр. Яғни қаржы мәселесі шешілу үстінде. Сондықтан толығымен айтуға болды, биыл да 21 миллиардпен желтоқсанға дейін бірінші кезеңін тапсырамыз. Ол поромды кешен жұмыс істейді деген сөз.
Бақыт Қарсақбаев Астанада салынып жатқан екінші темір жол вокзалының құрылысына да тоқталды. Маңызды нысанның құрылысын 2017 жылдың сәуір айына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Айгүл ӘДЕПБАЙ