Отандық құрылыс материалдарын өндіруші компаниялардың ортақ реестрі әзірленуде. Мұны Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алды. «ЭКСПО- 2017 заманауи құрылыс үшін бағдар» атты конференцияда осы бастама жайы талқыланды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның мәлімдеуінше, бұл отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қолға алынған шара. Сондай-ақ, халықаралық көрме нысандарының құрылысында Қазақстанда өндірілетін материалдарды кеңінен қолдануды көздейді.
Бүгінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы 85 қазақстандық кәсіпорынмен жалпы сомасы 60 миллиард теңгеден астам қаржыға меморандум жасасқан. «Қазақстандық өндірушілер өз өніміндерін нарыққа өткізе алмай шағымданады. Осы орайда ортақ реестірдің пайдасы зор. Алайда, отандық кәсіпорындардың өнім сапасы, құрылыс материалдарының стандарттарға сәйкестігі қатаң бақылауда болады» - деді Юлия Якупбаева.
Юлия Якупбаева «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:
Отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің ортақ реестірін құру ең алдымен өнімнің сапасын арттыруға және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта әрбір қазақстандық өндірушінің жеке сайттарын ашып, жұмысының ашықтығын қамтамасыз етпекпіз.
Жұрағат БАМАН