Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 30 мыңға жуық доллар бөлді. Бұл туралы Қырғыз президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап «Риа Новости» хабарлайды.
Ақпар бойынша, 1,8 миллион қырғыз сомы көлеміндегі көмек қаржы елдің әлеуметтік қорғау қорынан бөлінген. Еске салсақ, 19 сәуірде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы аумағында Газель көлігі мен шағын автобус соқтығысқан. Оқыс оқиға Алматы-Екатеринбург тас жолында орын алды. Бішкектен шығып, Солтүстік Қазақстан облысын бетке алған шағын автобуста 19 адам болған. Жол көлік оқиғасынан кейін 16 қырғызстандық азаматтың мүрдесі табылды. Жарақат алған үш жолаушы ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Апат орнында қазақстандық бір азамат мерт болды. Ол қарсы соққан Газель көлігінің жүргізушісі. Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қаза болғандардың жеке басын анықтау ісі жүріп жатыр.
Жұрағат БАМАН