Астанада жалға берілетін пәтерлердің тек 4 пайызы ғана заңды түрде тапсырылады

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2016
  • 1980

Астанада жалға беріліп жатқан пәтерлердің тек 4 пайызы ғана заңды түрде рәсімделіп тапсырылып жатыр. Ал өзгесі көлеңкеде. Салдарынан бюджет 300 млн теңгеден қағылып отыр. Бұл туралы мемлекеттік кірістер департаментінің кеңейтілген отырысында мекеме басшысы Әбілқайыр Сқақов мәлімдеді. Оның айтуынша, жалға берілген ақының 40 млрд теңгесі көлеңкелі айналымда.

Департамент жетекшісі жағдай ЭКСПО көрмесі кезінде күрделене түсетінін де жасырмады. Өйткені қонақ үйлерде орын жеткіліксіз болады. Жалға берілетін пәтерге деген сұраныс артуы ықтимал,- дейді. Осы орайда мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы қала әкімі Әділбек Жақсыбековтен көрме кезінде пәтер тапсыратындарды акредиттеуді сұрады. Оның ойынша, туристерге пәтерін жалға беретіндерді жаппай тіркеуге алу керек. Сонда ғана жалдамалы пәтерлер нарығының ашық болуына жол ашылмақ.

Әбілқайыр Сқақов, Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысы:

Ресми түрде Астанада 238 мыңнан астам пәтер есепте тұр. Оның 9 мыңнан астамы немесе 4 пайыздайы ғана заңды түрде жалға беріледі. Сарапшылар бағамынша, ресми мәліметтер шындықтан әлдеқайда алшақ. Елордада баспаналардың кем дегенде 10 пайызы жалға беріледі. 40 млрд теңге көлеңкеде жүр. Салдарынан салық арқылы бюджетке 300 млн теңге түспей отыр. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ